https://www.facebook.com/ГККП-Ясли-сад-1-Қарлығаш-536016223542833/?ref=settings
Тәуелсіздік толғауы
«Тәуелсіздік – сан буын бабалардың
қасиетті жеріміздің әрбір қадамын
қорғау үшін төгілген өлшеусіз
қаны мен терінің өтеуі......»
Н.Ә.Назарбаев
«Айта бергім келеді, айта бергім...» деп ақын жырлағандай, сарабдал саясаткер Президентіміз жайлы, елдікті дәріптейтін еңбектері жайлы таңды таңға ұра жырлай бергің келеді. Елдік демекші, осы құндылық – елдің бірлігіне, тұтастығы, ауызбіршілігі, «ұлтым» деп ұдайы ұйытқы боп отырған барлық хандардың да, билердің де арманы еді ғой.
«Құм да ақ алмасты жасыра алмайтыны» секілді көкіректегі ұлттық рухты бүркемелей алмаған тарих ақыры «Қазақ» деген қастерлі ұлттың өз тәуелсіздігін еншілеуіне бұғау бола алмады. Осындай елең-алаң жағдайда бітімі бөлек қайраткерге ғана тән қайсарлық пен батылдықтың, саяси ерік-жігер мен өршілдіктің үлгісін көрсеткен Президент Н.Назарбаев Қазақстан тағдыры үшін жауапкершілікті өз мойнына алды.
Тәуелсіздікті нығайтуды, саяси демократияландыруды, нарықты экономикаға көшуді, ұлтаралық келісім мен әлеуметтік қорғауды стратегиялық міндет ретінде белгіленген бағыт жұртшылық тарапынан бірауыздан қолдау тапты. Республикамыздың қайталанбас құндылығына айналып үлгерген бұл саясат – бүгінде сенімді, әрі табысты болғандығын тарихтың өзі дәлелдеп отыр.
Әрине мұның өзі ерекше саяси дарыны бар, ел басқару ісіне ата-бабамыздың даналығын, бітімшілдік қасиетін мұрат тұтқан, стратегиялық көрегендігі басым, терең де байыпты Елбасымыздың арқасы екендігі шүбәсіз. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме, асыл халқымыз. Тер сіңіп жетсе де, дәмі тәтті «Тәуелсіздік» ұғымын бейне бір тұмарындай қастерлеген Президент мереке қарсаңында еліне арнап рухани жан-дүниесінің шынайы жанайқайы іспетті «Тәуелсіздік толғауы» эссесін баяндаған екен.
«Шын жүректі жарып шыққан шүбәсіз сөз – жүрекке де жетеді» емес пе, Елбасы тарапынан айтылған ойлар көңілге қонымды, құлаққа да жағымды. Әрбір саналы азаматқа ондағы көзқарас, ондағы мақсат бүкпесіз әсер етері хақ. Ата-бабаларымыз сынды даналық, кемеңгерлік, жыраулық, шешендік қасиеттер өн-бойынан табылған Нұр-аға – тарихымызға шолу, барлау жасап, жас ұрпақтың жүрегін бір тебірентті.
Сондай-ақ, албырт жүрегімізге рух берген «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы болса, онда айтылған «мәңгілік қазақтың перзенті» ретінде тәуелсіз елімізді «Қазақстан-2050» мінберіне мүлтіксіз жеткізуде елеулі еңбек етуге бел шештік.
«Ел үмітін ел ақтар,
Ер атағын ер сақтар» деген мақал бар. Ұлтын сүйген ұлы тұлғаның орамды ойларын жадымызда жаңғыртып, бостандық, егемендік, тәуелсіздік секілді қастерлі ұғымның қадіріне жете білуіміз қажет.
Ерекина Кульзина Сунгатулловна
№1 «Қарлығаш» балабақшасы
Қазақ тілі пәні мұғалімі